Сұхбат

Қазақстанға АЭС не үшін қажет – маманмен сұхбат

Қазақстанға АЭС не үшін қажет – маманмен сұхбат

2021 жылдың жазында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елге атом электр станциясы қажет екенін мәлімдеді. Ол жыл бойы Қазақстанда қауіпсіз атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерттеуді тапсырды. Содан кейін қазақстандықтардың басым бөлігі бұл шешімге наразылық танытты.

Sputnik Қазақстан тілшісі ядролық физика институтына барып, ядролық отын бар реактордың қалай жұмыс істейтінін көрді, реактордың қауіпсіз екеніне көз жеткізді.

Ядролық физика институтының аумағына кіру де оңай емес, алдын ала ресми хат жазып, оның жауабын екі апта күтуге тура келді. Ал институт аумағына әскери күзет қойылған.

Ядролық физика институтында 30-ға жуық ғимарат бар. Ядролық реактор орналасқан ғимарат ерекше күзетіледі, бірнеше турникет пен тексеруден өту керек. Ол жерде ғылыми зерттеулер жүргізіледі, ядролық реактор болғандықтан стратегиялық объект саналады.

Сергей Кислицын ядролық физика саласында 1977 жылдан бері жұмыс істейді. Ол өмір бойы ядролық физика институтында жұмыс істеп келеді, атом реакторында жұмыс істейтін мамандарға сабақ берген. Маман радиациялық қауіпсіздік деген не екенін жақсы біледі және АЭС салу қазақстандықтарға қажет екеніне сенімді.

© Sputnik / Тимур БатыршинФизика-математика ғылымдарының кандидаты, Ядролық физика институтының бөлім меңгерушісі Сергей КислицынФизика-математика ғылымдарының кандидаты, Ядролық физика институтының бөлім меңгерушісі Сергей Кислицын© Sputnik / Тимур Батыршин

Атом электр станциясы, атом энергетикасынан ешқайда қашып құтыла алмаймыз деп ойлаймын. Оны қаншалықты жылдам салсақ, соғұрлым тиімді. Беларусь пен Өзбекстан АЭС саламыз деп ойламаған еді, алайда олар өзінің энергетикалық қауіпсіздігі үшін алаңдады. Қазір экономиканың декарбонизациялануы да бар, біз қаласақ та, қаламасақ та, электр қуатын алу үшін көмір мен газды жағудан бас тарту керек.

Сутегі энергетикасы жақсы, бірақ бір келі сутегі алу үшін 10 келі суды ыдырату керек. Қазақстанда барлығын сутегіге ауыстыру үшін су қоры жеткілікті ме? Оған күмәнім бар. Бұл теңіз, үлкен өзені бар, мұхитқа шығатын елдер үшін тиімді. Қазақстанда су ондай көп емес.

Әрине, Қазақстанда да электр энергиясының бір бөлігі сутегі энергетикасы есебінен өндіріледі. Табиғи газды ыдырату арқылы сутегі мен көміртегі алуға болады, бірақ бұған көп шығын кетеді, қиын жұмыс саналады.

Жел энергиясын да пайдалануға болады. Бірақ ол бүкіл Қазақстанның қажеттілігін 100% қамтамасыз ете алмайды. Күн энергетикасы Қазақстанның оңтүстігінде іске аса алады. Солтүстікте жел энергетикасын пайдалануға болады, бірақ ол елді 100% қамтамасыз етпейді. Ал қалғанын қайдан аламыз? Ал атом энергетикасы бүкіл елді электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Ол ештеңеге қарамастан электр энергиясының тұрақты мөлшерін береді. Оның жұмысына ауа райы әсер етпейді.

Ал қалған энергия ауа райына байланысты жұмыс істейді. Ал сутегі станцияларын қою үшін су электролизін жүзеге асыру үшін электр энергиясы қажет. Алдымен электр қуатын пайдаланып, суды сутегі мен оттегіне ыдыратасыз, содан кейін одан электр қуаты алынады. Алдымен сол электр қуатының өзін бір жерден алу керек. Осы орайда атом электр энергиясын ештеңе алмастыра алмайды.

© Sputnik / Тимур БатыршинСергей Кислицын ядролық физика институтының жұмыстарын таныстырып жатырСергей Кислицын ядролық физика институтының жұмыстарын таныстырып жатыр© Sputnik / Тимур Батыршин

Атом энергетикасы үшін ең алдымен уран отыны қажет. Ал Қазақстанда бұл жағынан тапшылық жоқ, уран өндіру бойынша әлемде бірінші орында тұр. Демек, біреуден уран сатып алу қажет болмайды, бәрін осы жерде істеуге болады. Жақсы инфрақұрылым ретінде Үлбі металлургия зауытын, кеніштер, Қазақстанның уран провинциясын атауға болады.

Бұл жолы да салынатынына сенімді емеспін. Менің ойымша, егер ықылас пен қажеттілік болса, онда осы уақытқа дейін салар еді. Қазақстан атом энергетикасын дамыту үшін жеткілікті құзыретке ие болды. Бұл БН-350 – Ақтаудағы жылдам нейтронды реактор, ядролық физика институты және Семей полигоны. Атом энергетикасы бойынша жұмыс істеген адамдардың үлкен тобы болды. Ал қазір жыл сайын олардың саны қысқарып жатыр. 2000 жылы салатыныма сенімді болдым. Ал қазір білмеймін. Бірақ ақылға қонымды басқа балама көрмей тұрмын. Бізде газдың, мұнайдың, көмірдің бай кен орындары бар, ал бұл атом энергетикасына қарағанда оңайырақ. Бірақ екінші жағынан, Ресейде «Росатом» өнеркәсіптің ең алдыңғы қатарларда тұр. Дәл сол сияқты «Қазатомөнеркәсіп» локомотив бола алады.

Қазір ол елде өнеркәсіп белсенді дамып жатыр. Ол үшін электр қуаты қажет. Олар уранды электр көзі деп санайды және оларда элементтің жеткілікті қор бар.

Қазақстанға келер болсақ, 2030 жылға қарай электр энергиясының тапшылығы болады деген болжам бар. Сондай-ақ Қазақстанның солтүстігінде көмірмен жұмыс істейтін жылу станциялары біртіндеп істен шығып жатыр. Оларды жөндейді, бірақ олар КСРО кезінде салынған. АЭС салу электр генерациялайтын құрылғыларды ауыстыру қажеттілігінен туып отыр. Екінші себебі – экономиканың декарбонизациялануы. Егер салғың келмесе, сені халықаралық климатқа қатысты келісімдер арқылы мәжбүр етеді.

Қазақстандықтар Балқаштан айырылады деп ойламаймын. Көптеген ресейлік АЭС-те болдым. Барлығы қандай да бір су қоймасында тұр, оларда радиоактивті ластану жоқ. Жалғыз өзгеріс – көл қыста қатпайды. 40 градус суық болса да, көлде мұз қатпайды. Реактор жыл бойы жұмыс істейді. Жылу көлге беріледі. Ресейде жүргенде адамдардың сол суға түсіп жатқанын көрдім. Алайда оның балықтарға қалай әсер ететінін білмеймін.

© Sputnik / Тимур БатыршинАқауды анықтауға арналған контейнерлерАқауды анықтауға арналған контейнерлер© Sputnik / Тимур Батыршин

Қазақстандықтарда Семей полигонынан кейін радиофобия қалыптасқан. Әрине, бұл қауіпті нәрсе екені бұрыннан белгілі. Қазір бәрі дамыған, ресейлік жаңа атом электр станцияларында адамның араласуын қажет етпейтін пассивті қорғаныс жүйелері орнатылған. Бұл адам станцияның жұмысына мүлдем қатыспай, авариядан қорғаудың автоматты жүйелерін жасауға бағытталған. Адам араласқан жерде адами фактор рөл ойнауы мүмкін. Қазір АЭС қауіпі туралы жиі айтылады, бірақ ол айтарлықтай қауіпті деп ойламаймын.

Бір ғана мысал келтірейін. АҚШ-та Чернобыль апатынан кейін атом станцияларын салу тоқтатылды. Калифорнияның ең дамыған штаттарының бірінде электр қуатының жетіспеушілігі байқала бастады, бірақ олар атом энергетикасын дамытқысы келмеді. Осы мемлекеттің халқы арасында референдум өткізіп: «сіз қайсын таңдайсыз – электрді өшіру немесе АЭС салу» деп сұрады. Адамдар қалай таңдады деп ойлайсыз? Егер Қазақстанда дәл солай жасаса, нәтиже де сондай болатынына сенімдімін. Мен құрылыстың әрбір кезеңі қатаң бақыланып, тексеріліп салынуын қолдаймын. Егер бәрін ақылға салып істесе, көптеген қателікті айналып өтуге болады деген ойдамын.

АЭС-те жұмыс істеу үшін әртүрлі маман қажет, әрқайсының атқаратын қызметі болады. Бізге электрші, механик, дозиметрист секілді мамандардың бірлесе жұмыс істегені қажет. Себебі нысан радиациялық қауіпті аймақ саналады, сондықтан ол жерде радиоэкология мамандары, адамдарға радиациялық әсер ету-етпеуін бағалайтын мамандар болуы керек.

Бізде АЭС-ті бақылап қана емес, оны басқарып, онымен жұмыс істей алатын мамандар бар. АЭС үшін мамандарды даярлау оңай жұмыс емес, бұл жерде университетті немесе басқа оқу орнын бітіру жеткіліксіз.
Қазақстанда жұмыс істеуге барлық мүмкіндік бар, алайда бізде бастапқы білім беретін жер жоқ.

Алматыдағы энергетика институтында бір кездері атом реакторы мамандығы болған. Бірақ содан кейін, шамасы қажеттілік болмай, бұл мамандық қысқартылды.

Ал Ресейде мамандарды даярлайтын мамандандырылған университеттер бар. Мұны дайындық кезеңі десе болады. Алдыңғы қатарда Мәскеу инженерлік-физикалық институты (МИФИ) тұр. Бұл әлемге танымал және АЭС-те жұмыс істей алатын мамандар даярлайтын бірнеше жоғары оқу орнының бірі. Қазақстанда өкінішке қарай әзірге мұндай оқу орындары жоқ. Алайда еліміз үшін қазірге дейін ядро-энергетика станцияларында жұмыс істейтін инженерлерді Томск политехникалық институты мен Мәскеу инженерлік-физикалық институты даярлады. Мысалы, «Қазатомөнеркәсіп» Мәскеу инженерлік-физикалық институтына қаржы төлейді, сол ақшаға Қазақстаннан Мәскеуге барған 100 жуық адам білім алады.

Ядролық физиктерді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Гумилев атындағы ЕҰУ және Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті даярлайды. Сол жерде оқыған студенттер бізге жұмыс істеуге келеді. Өскеменде оқыту деңгейі де өте жақсы. Менде зертханамда жұмыс істейтін мамандардың 30%-40%-і ШҚО университетінің түлегі. Ал алматылықтармен жағдай айтарлықтай жақсы емес, олар осы институтқа келіп, 2-3 жыл жұмыс істейді. Біршама дүниені үйренген соң жоғары жалақы бар жерге кетеді. Не дегенмен біз мемлекеттік кәсіпорынбыз және мұнда белгіленген жалақы бар. Өскемендіктер осында келіп, осында қалады. Себебі олардың мұнда туыстары жоқ, ал алматылықтардың туыстары мен достары болғандықтан, басқа жылы жер табуы оңайға түседі.

Сонымен қатар біздің институт қаланың сыртында орналасқан. Таңертең және кешке қаладан бір жарым сағаттай жол жүріп келу қажет. Бұрын, кеңес заманында мемлекеттік тұрғын үй алу оңайырақ еді, қазір ол да жоқ. Егер біздегі қызметкерлерге баспана берілсе, жақсы болар еді.

© Sputnik / Тимур БатыршинМаман ядролық реакция қалай жүретінін түсіндіріп жатыр. Айтуынша, уран мен алюминий қоспасы қаптама ішінде болады. Екеуінің арасынан сұйықтық ағып, отынды салқындатадыМаман ядролық реакция қалай жүретінін түсіндіріп жатыр. Айтуынша, уран мен алюминий қоспасы қаптама ішінде болады. Екеуінің арасынан сұйықтық ағып, отынды салқындатады© Sputnik / Тимур Батыршин

Айтуынша, уран мен алюминий қоспасы қаптама ішінде болады. Екеуінің арасынан сұйықтық ағып, отынды салқындатады.

Бізде бірнеше «болашақтық» бар, бірақ олар міндетті үш жылын осы жерде өткізеді, бірі тағы бірнеше жылға қалады немесе міндетті мерзім аяқталған соң кетеді. Одан бөлек тағы бір келеңсіз жағдай бар – біздің білікті мамандардың елден кетуі. Демек, біз Америка, Еуропа, Ресей үшін мамандарды даярлап жатырмыз. Ал жалпы қорыта айтқанда, Қазақстанда АЭС салынса, оны басқарып, жұмысын жүргізуге біздің мамандардың деңгейі жетеді. Ал бұл мәселені шешу үшін ең алдымен елдегі бастапқы білімді бір жолға қою қажет.

Яғни, студент оқуды бітірген соң тәжірибеден өтуі керек. Қазақстанда оны оңай ұйымдастыруға болады, мысалы біздің институтта зерттеу реакторы бар. Мұнда тек бу генераторы – электр энергиясын өндіретін бір блоктан басқаның бәрі атом электр станциясындағымен бірдей. Институтта осындай мамандарды даярлау бойынша көп жұмыс атқарылып жатыр, оның ішінде келешекте реакторды басқара алатын, қандай жағдайда не істеу қажет екенін үйренеді.

Мысал ретінде айтсақ, жас электрші немесе инженер-механик бізге жұмысқа келеді, реакторда жұмыс істейді. Ал ол басқарушы, реакторды басқара алатын ауысым бастығы болғанға дейін 8-12 жыл өтеді. Бұл оңай емес, себебі ол осы жылдар аралығында механиканы, электр бөлігін меңгеріп, барлық кезеңнен өтеді. Ауысым бастығы – бұл өте білікті маман.

Мен Мәскеудегі институтта шетелдік оқытушы ретінде жұмыс істедім. Бірнеше жыл бұрын МИФИ Орталық Азия үшін мамандарды даярлау мақсатында Алматыда филиал ашамыз деген шешім қабылдады. Ол біздің институт базасында құрылатын болды. Бұл шамамен төрт жылға созылды. Қазақстаннан бірнеше оқытушы болды. Олардың бір бөлігі Семей полигонында, атом энергиясы институтында жұмыс істейді. Екі адам Ядролық физика институтынан болды, соның бірі мен.

© Sputnik / Тимур БатыршинЯдролық реактор орналасқан залЯдролық реактор орналасқан зал© Sputnik / Тимур Батыршин

Алайда былтыр бұл жұмыс тоқтады, себебі Қазақстан 1997 жылдан бастап АЭС салуды жоспарлап келеді. Қазақстан осы өңірде атом электр станциясын дамытқысы келген алғашқы республика болды, алайда содан бері салмады. Өзбекстан алдымызды орап кетті. Сондықтан МИФИ филалы сол елде құрылды. «Біз ше?» деп сұрағанымызда бұл аймаққа мұндай екі институт қажет емес деп жауап берді. 5-10 жылдан кейін сіздерде бір станция болады, Өзбекстанда бір станция салынады, жылына 30-50 маман даярлаудың не қажеті бар деген жауап алдық.

Мен МИФИ-де оқытушы болған кезде ядролық физика институтынада өндірістік тәжірибе ұйымдастырдық. Бізге Мәскеуден қазақстандық студенттерді жіберетін, бұл студенттер үшін де тиімді болды. Себебі олар өз ата-анасының жанында тұрды, диплом жұмысын жазып, соңында Мәскеу дипломын алды. Яғни, екі жақта да білім алды.

Мұнда әртүрлі маман жұмыс істейді. Радиациялық қауіпсіздік бөлімі бар, ол радиациялық қауіпсіздіктің сақталуына жауап береді. Демек, сәулелену дозасын алмаған адамның рұқсат етілмеген жерге кірмеуін қадағалайды.

Бұзылмайтын бақылау әдістері бөлімі бар (отдел неразрушающих методов контроля). Реактор жасалған материалдар уақыт өте келе жарамсыз болып қалуы мүмкін. Сондықтан зерттеу не болжам жасаумен айналысатын адамдар керек.

Мәселен, мамандар зерттеу жүргізіп, біздің реактор бірнеше жыл бойы апатсыз жұмыс істей алатынын анықтады. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік талаптары бойынша екі жылда бір рет реакторға тексеру жүргізіледі, мен оған үнемі қатысамын. Осы іспен айналысатын арнайы бөлім бар. Біз реактордың ішінде не болып жатқанын көруге мүмкіндік беретін камераларды орнатамыз, металда сызаттың бар-жоғын тексереміз. Ал металдың жарамдылығы ультрадыбыс, магнит әдісі, радиография, гамма және нейтронды радиография арқылы тексеріледі. Осыдан кейін реакторды екі жыл пайдалануға болады деген қорытынды жасалады.

© Sputnik / Тимур БатыршинГорячие камеры, где исследуют радиоактивные материалыГорячие камеры, где исследуют радиоактивные материалы© Sputnik / Тимур Батыршин

12 жылда бір рет толық тексеру жүргізіледі – реактор бәрінен ажыратылып, тексеріледі. Содан кейін қызмет мерзімін ұзарту бойынша қорытынды жасалады.

Біздің реактор жобалық қызмет мерзімін өтемеді, бірақ соған қарамастан мұндай қорытынды жасалды. Металл әлі де жақсы екенін көрсетті. Біз реактордың жұмысын бақылау жүйесін алмастырдық – жаңа заманауи электронды жабдық орнатып, оның қызмет ету мерзімін ұзарттық. Мұны бірнеше рет жасауға болады.

Мұнда энергетика бөлімі де бар. Біздің реактор – су-сулы реактор, яғни ол ядролық реакция айналатын жерді сумен салқындатады. Атом станциясы бар жерде реакторды салқындататын суды салқындату үшін үлкен бак тұрады. Бізде мұның бәрінің әлдеқайда кішірек түрі бар.

Ядролық физика институтындағы реактор – бассейн түріндегі су-сулы реактор. Оның айналасында ауыр бетоннан жасалған биологиялық қорғаныс бар. Ол жақсы қорғалған, сондықтан реактор тұрған жер қауіпсіз.

Отын қондырғысы алюминий қорытпасынан жасалған, ал уран мен алюминий қоспасы қаптама ішінде болады. Екеуінің арасынан сұйықтық ағып, отынды салқындатады. Отын белсенді аймаққа түскен соң барлық ядролық реакция сол жерде жүзеге асады. Қондырғы қызады, содан кейін су көмегімен салқындатылады. Содан кейін ол энергетикалық станцияларда қолданылады және турбинаны айналдырады.

Реакторды қашықтан басқарады. Басқару инженері мен ауысым бастығында рекаторды басқару пульті бар. Реакторда екі пульт бар – реактордың өзін тікелей басқару және радиациялық қауіпсіздік қызметінің пульті. Радиациялық қауіпсіздік пен зиянды қалдықтар өте қатаң бақыланады: радиацияның рұқсат етілген шегі белгіленеді, жұмыс тек гигиеналық нормативтерге сәйкес жүргізіледі. Реакторда радиация мөлшері тиісті деңгейден артқан кезде сигнал автоматты түрде іске қосылады.

© Sputnik / Тимур БатыршинАлматыдағы ядролық физика институтындағы су-сулы реакторАлматыдағы ядролық физика институтындағы су-сулы реактор© Sputnik / Тимур Батыршин

Радиациялық қауіпсіздік қызметі қалдықтардың және радиоактивті ластанудың болмауын қамтамасыз етеді. Біздің реактор – жоғары байытылған отыннан төмен байытылған отынға көшкен Қазақстандағы және бүкіл әлемдегі алғашқы реактор. Қазір біздің жұмыстың 19,7%-і уран-235 құрамы бойынша жұмыс істейді. Бұрын 36,6% болған.

Кез келген реактор уранда жұмыс істейді, бірақ салқындатқыш ретінде әртүрлі заттар қолданылады. Су, сұйық натрий, қорғасын, висмут салқындатқыш ретінде пайдаланылуы мүмкін.
Су қайнап, қызады, содан кейін бұл бу электр энергиясын шығаратын турбинаны айналдырады. Бұл суды атом реакторында ағаш немесе уранмен жылытудан ешқандай айырмашылық жоқ. Алайда уран қолданса, таза және арзанға түседі.

Радиоактивті материалдармен жанасқан қалдық материалды арнайы қоймаға салып, көму керек. Радиоактивті қалдықтарды көму пункті болады. Біз ұзақ уақыт бойы жойылып кетпейтін қалдықтар сақталатын жаңа қойма тұрғыздық. Ол жерде қалдықты контейнерге салып, радиациялық жағдайды бақылауға болады. Қалдық жерде мәңгі қалады. Құрылымның өзі сұйықтықтың ішке енуіне немесе сыртқа шығуына қатысты толық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

— Ядролық физика институтында атқарылып жатқан басқа да жұмыстар туралы айтып берсеңіз.
ЯФИ-да ядролық энергетиканың қауіпсіздігі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл ядролық жарылыс болмайтындай, атмосфераның ластануы болмайтындай жұмыс істеу керек дегенді білдіреді. Сондай-ақ маңызды материалтану жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ядролық және термоядролық энергетика үшін үнемділік, қызмет ету мерзімі және қауіпсіздікке байланысты ең басты мәселенің бірі – материалдар. Радиацияның әсерінен олар нашарлайды. Біздің міндетіміз – мұндай материалдарды жасау немесе оларды радиацияның әсерінен қасиеттерін жоғалтуға жол бермеу. Бастапқыда бұл ЯФИ негізгі міндеттерінің бірі болды. Әртүрлі реактор үшін әртүрлі материал керек.

Сондай-ақ біз медицина үшін радиоизотоптар шығарамыз. Қатерлі ісік ауруын ерте диагностикалау, ішкі ағзалардың көптеген аурулары радиоактивті изотоптардың көмегі арқылы емделеді. Дәрі-дәрмектер біздің институтта жасалады және олар әртүрлі онкологиялық орталықтарда қолданылады. Мұндай препараттардың қолдану уақыты бір-ақ күнге созылады. Сондықтан бәрін тез істеу керек. Медициналық мекемелерде пациенттерді алдын ала дайындайды. Оларды Еуропада, Жапонияда, Қытайда сатып алары сөзсіз, алайда ол үшін радиоактивті заттарды тасымалдауға арнайы лицензия қажет.

Дереккөз

Нажмите, чтобы оценить эту статью!
[Итого: 0 Средняя: 0]

Похожие статьи

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Кнопка «Наверх»