«Адам сенбестей естен тандыратын оқиға болды. Өзіңмен қатар жүрген адамның бақилық болуы ақылға сыймайды екен. Қалай сыйдырайын десең де, сыймайды»…
Сатыбалды (Сәкен) Нарымбетовтің әріптестері мен достары оның өмірден өткеніне әлі де сене алар емес. Танымал режиссер, кинодраматург әрі жазушы 75 жасында бақилық болды. Бұл қазақ кино өнері мен әдебиеті үшін орны толмас қаза.
«Сатыбалды жолы»
Режиссердің өмірде де өнерде де қатар жүрген жақын достарының бірі – белгілі жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай. Екі тұлғаның достығы сонау 1972 жылдан басталған.
«Мен сол жылы қазақ киносының бір комитетіне журналист ретінде жұмысқа орналастым. Көп ұзамай Мәскеуден ВГИК жоғары кино институтын бітіріп, Сатыбалды келді. Келгенде де ол дүркіретіп келді. Оның алғашқы «Шоқ пен шер» сценарийі «Исскуство кино» журналында жарияланды. Сосын ол Қазақфильмде түсіріліп жатты. Венециядан үлкен жүлде алды. Сатыбалды студент кезінен-ақ жұрттың көзіне ілінген, тамаша шығармаларын өмірге әкелген жазушы және кинодраматург болды. Ең алғашқы әңгімелерін мен өзін көрмей тұрып оқып, таңғалған едім. Сол кездегі «Лениншіл жас» газетінде «Жорғаның бір күні» дейтін әңгімесі жарияланды. Содан кейін «Жусан дәмі», «Тентек» әңгімелері шыға бастағанда, бізді таңғалдырған нәрсе – бұл қалыптасқан кәдімгі классик. Жап-жас жігіттің сол жақтан осыншалықты дайындықпен келгеніне таңғалдық», — деп еске алды ол.
Смағұл Елубай досының ақылымен Мәскеудің жоғарғы режиссерлық және сценарлық курсына оқуға түскен. Жазушының кино әлеміндегі алғашқы қадамы осылай басталған.
«Содан бері біздің достығымыз жарты ғасырға созылған екен. Менің осы жылдар ішінде таңғалатыным – Сатыбалды Нарымбетов ғұмыр бойы өзін өнерге арнаған адам болды. Өнерді ғана ойлайтын, басқа жаққа назар салмайтын. Саясат, толып жатқан тұрмыс-тіршілік дейсіз бе, ештеңені елемейді, тек қана өз өнеріне табынды, соған адал болуға күш салды. Кино тарихында «Сатыбалды жолы» дейтін жол салды. Ол тек ақша табуға арналған коммерциялық кино емес, жалпы өнер, яғни адам деген құбылысты жан-жақты зерттеп және соған арнап туындылар жасады», — дейді кинодраматург.
Ол мемлекет Сатыбалды Нарымбетовтің талантын мойындағанын атап өтті. Танымал режиссер Мемлекеттік сыйлықты да, Платиналы Тарланды да алды.
«Сатыбалды кинорежиссер ретінде өрлеген кезінде ұлт тарихында әділетсіздік көрген, сол үшін басы кеткен тұлғаларды арашалауға тырысты. Соның бірі Мұстафа Шоқай фильмі еді. Содан кейін шеберлігі толысқан кезде «Аманат» фильмін түсірді. Онда да тарихтан теперіш көрген Кенесары ханның бейнесі жасалды. Негізінен, кинотуынды Бекмаханов туралы. Бірақ Бекмаханов Кенесары туралы жазды ғой, сол тақырыпта докторлық қорғады, сол үшін түрмеге жабылды. Мінекей ол Бекмаханов арқылы Кенесарыны да, екі тұлғаны қатар экранда тірілтті деуге болады. Бұл өте батыл фильм деп айтар едім, әлі күнге дейін экранда жүріп жатыр», — деді Елубай.
Айтуынша, осы тақырыптардың жалғасы ретінде Нарымбетов «Жаңғырық» атты фильмге кіріскен. Бұл қазақ даласына жер аударған поляк зерттеушісі Адольф Янушкевичтің естеліктері бойынша түсірілгелі жатқан 19 ғасырдың ортасындағы тарихи тұлғалар туралы фильм еді.
«Ішінде Кенесары, Құнанбай бар. Янушкевич солармен бір жәрмеңкеде кездескен екен. Кенесарының трагедиясын көріп, біліп, қағазға түсіріп отырған екен. Ажал деген айтып келмейді, осы фильмді аяқтай алмай, Сатыбалды арамыздан жүріп кетті», — деп терең күрсінді жазушы.
Балаларды жақсы көретін
«Сатыбалды достыққа адал, бала сияқты еді. Жасы 75-ке келсе де, балаларды жақсы көретін, олардың тілін табатын. Ақсақалдық жасқа келсе де, жүрегі баланың жүрегіндей болатын», — дейді Смағұл Елубай марқұм досы туралы.
Айтуынша, екеуінің арасында ешқашан қабақ шыту, ренжісу болған емес.
Ең соңғы кездесу
Жазушы режиссермен соңғы рет осыдан бір жарым ай бұрын кездескен. Ұлы Бекарыс Елубаевпен үшеуі «Ақ боз үй» атты фильмнің сценарийін талқылапты.
«Сатыбалды «Ақ боз үй» фильміне көркемдік жетекші ретінде Бекарыс баласына ақыл-кеңесін айтып келді. Екі-үш сағат отырып, сценарийді талқылап, оның «Ақ боз үй» киножобасына айтқан ақылын сценарийге кіргіздік. Сөйтіп кинотоппен Маңғыстауда бір ай жүріп, түсірілімді аяқтап келген кезде осындай қайғылы оқиға болды. Мен ес жинап, ол кісіге енді хабарласайын деп отырғанда комада жатыр деген хабар естідім. Ертесі күні таңертең таңғы сағат алтыда жүріп кетті», — деді Смағұл Елубай.
«Ешкімге зияны жоқ, ашық жарқын кісі еді»
Сатыбалды Нарымбетовпен жақын араласқан жандардың бірі – танымал актер, кинорежиссер Болат Қалымбетов. Екеуі Алматыдағы «Мамыр» ықшам ауданында тұрған. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында сабақ берген.
«Сәкен ағаны қырық-елу жылдай танимын. Ашық жарқын, жаны жайлы, ешкімге зияны жоқ адам еді. Бәріміз пендеміз ғой, өнер болғаннан кейін түсінбеушіліктер болып тұрады, бірақ Сәкен ағамыздың біреуді қызғанып, сыртынан өсек айтқанын ешқашан көрген емеспін. Маған ұнайтыны – өзі сияқты киногердің, режиссердің фильмі жақсы болып шықса, соған шын жүректен қуанып, ризашылығын білдіретін», — деп бастады актер.
Қалымбетов қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаев туралы көркем фильм түсірген екен. Алайда пандемияға байланысты көрермендерге әлі жол тартпаған. Кинотуындыны алғашқылардың бірі болып марқұм Сатыбалды Нарымбетов тамашалаған.
«Таңғы сағат сегізде маған қоңырау шалып, «Ой, Болат балам-ау, қандай жақсы фильм түсіргенсің, мынауың нағыз кино екен» деп маған батасын берді. «Премьерада өзім сөйлеймін, осы фильм жайлы өз ойымды айтамын» деп еді. Сәкен ағамен соңғы сөйлескеніміз болатынын кім ойлапты. Сұм ажал алды да кетті. Шынымды айтсам, маған оның қазасы өте ауыр тиді», — дейді Қалымбетов.
Оның айтуынша, режиссер өмірде көп сөйлемейтін, ойланып-толғанып жүреді. Бірақ өзі жақсы көрген адамымен шер тарқатып, ашық сөйлеседі.
«Сондай жандардың бірі мен болдым. Солай айтуға болатын шығар деп ойлаймын. Маған ойын айтатын, ашық сөйлесетін, бала сияқты қалжыңдасатын. Сондай жылы, жаны жайсаң адам еді. Мен ол кісінің екі фильміне түстім. Мені кейде еркелетіп, «Болат сен менің бойтұмарымсың ғой, менің кинома түсуің керек» деп, кішігірім рөлдерге түсірді. Бұл кісі ырымшыл болатын», — деп еске алды актер.
Жақсы фильмге балаша қуанады
«Менің фильмдеріме өз бағасын үнемі беріп отыратын. Мені әрдайым демеп, ақылын айтып жүретін. Мен он екі жылдай фильм түсірмедім ғой, сонда қиналып жүргенімде мені сабырлыққа шақырып, «бәрі дұрыс болады, сені Алла Тағала тексеріп жатыр, шыда» деп қолдау көрсететін. Өзі ашылған, өзіне сенген адамға ол да сенетін. Екеуміз өнер төңірегінде, балалардың болашағы жайлы сырласатынбыз. Кейде сабақтарымызды бірге жүргізетін едік. Менікі екінші курс болса, ол кісінікі үшінші курс, екеуін қосып жіберіп, балалармен әңгімелесіп, ақылымызды айтамыз. Темекіні қатты тартатын еді марқұм. Аузынан темекі түспейтін. Мен шылым шекпеймін ғой. Машинаның іші көк түтін болып кетеді. Маған қарайды, ұнатпай отырғанымды түсінеді. «Сәкен аға, ештеңе жоқ» дей саламын. «А, жарайды онда» деп қояды», — деп күліп еске алды Қалымбетов.
Айтуынша, Сатыбалды Нарымбетов адамдарға жылы сөйлейтін, ренжіткісі келмейтін. Бірақ нашар фильм болса, ойын бүкпей, ашық айтатын. Ал жақсы туындыға балаша қуанатын.
Қазақ кинематографиясында орны толмас қаза
8 шілде күні танымал режиссер, кинодраматург, жазушы Сатыбалды Нарымбетов дүниеден озды. Оның ажалына асқазандағы ескі жара себеп болған.
Кино саласына бар ғұмырын арнаған талантты тұлғаның артында өшпес мұра қалды.
Сатыбалды Нарымбетов 1946 жылы 7 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Ащысай ауылында туған.
Белгілі режиссер, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Жорж Садуль атындағы сыйлығының және тәуелсіз «Платиналы Тарлан» жүлдесінің иегері.
Сатыбалды Нарымбетов көптеген толықметражды көркем және деректі фильмдер түсіріп, оннан астам фильмге сценарий жазды, бірнеше әңгіме жинағының авторы.
Режиссердің «Жас аккордеоншының өмірбаяны» туындысы қазақ киносының алтын қорына енген. Фильм Қазақстанның мемлекеттік сыйлығына ие болған, көптеген халықаралық фестивальдің жүлдегері.
«Құрманғазы» атты деректі фильмнің, «Зауал», «Күзгі бұралаң жол» қысқа метражды фильмі, «Ұрын келген күйеу» , «Созақтан шыққан Гамлет», «Көзімнің қарасы», «Омпа» және тағы басқа көркем фильмдердің режиссері.