Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында абайтану саласында ғылыми ізденіс жағынан алға жылжу болмады, керісінше құлдырау байқалды. Айтулы күнді көпшілік науқанға айналдырып жіберді. Себебі былтыр «Абай жылы» қарсаңында баспасөз беттерінде мақалалар қарша бораса, биыл олар саябырсыды. Мұндай пікірді абайтанушы, теолог Досым Омаров Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында айтты.
© Photo : Досым Омаровтың жеке архивіненАбайтанушы Досым Омаров.Абайтанушы Досым Омаров.© Photo : Досым Омаровтың жеке архивінен
— Отыз жылдан бері Абайдың рухани мұрасын жүйелеумен шұғылданып келемін. Ондағы мақсатым – ойшылдың рухани мұрасын халыққа жеткізу ғана емес, сонымен қатар оның ұлылық тұлғасын ашып көрсету. Алғашқы мамандығым – инженер. Техника ғылымдарының кандидаты болсам да, Абай мұрасын зерттеуді қолға алдым. Себебі Абай арқылы халыққа рухани жағынан қажет дүниенің бәрін беруге болатынын түсіндім. Ол үшін теологияны зерттедім. Абайдың мұрасын ойшылдық деңгейде, философиялық жағынан зерттеуге күш салдым. Ғылым академиясының философия институтында «Абайдың рухани мұрасы» деген тақырыпта философиядан докторлық диссертация қорғадым. Соның нәтижесінде бүгінге дейін Абай, Шәкәрімнің мұрасы жөнінде 11 кітап жаздым.
— Жоқ, ғылыми ізденіс жағынан алға жылжу болған жоқ. Керісінше құлдырау байқалады. Себебі қазір еліміз өркениеттің құлдырау дәуірі мен өркендеуінің өтпелі кезеңінде тұр. Құлдырау дәуірі шегіне жеткен жоқ. Оның қашан шегіне жететіні халықтың жағдайына байланысты. Ал осы жағдай абайтануға да әсер етті. Оны Абайдың ойшылдығына әлі де толық көңіл бөлінбей, оның заңғар биігін түсіне алмай келе жатқанымыз аңғартады.
Қазір мектепте абайтануды оқытатын арнайы оқулық жоқ. Аптасына бір рет қосымша сабақ ретінде өтеді. Мектептен бастап оқытпаған соң келер ұрпақ Абайдың кім екенін қайдан біледі?!
— Абай жылын науқанға айналдырдық. Былтыр мерейтой қарсаңында Абай туралы түрлі мақала шықты. Ал қазір оның саны күрт азайып қалды. Шын мәнінде Абай мұрасын зерттеп, оны халыққа тарату үзілмейтін нәрсе болуға тиіс. Абайдың әр сөзін талдап, жариялап отырса, халық оны бойына сіңіруге молынан мүмкіндік алар еді. Абайдың бір сөзін түсінудің өзі адам өмірін өзгертуі мүмкін. Себебі Абай хәкім болған адам. Хәкімде қателік деген болмайды, әрбір сөзі терең, шындық, әрі мың жыл жүрсе де өлмейді. Абайдың шығармалары шет тілге аударылып, таратылып жатыр. Абай сияқты ұлы тұлға бар екенін көрсетіп, басқа елге әлі де тарату керек. Кеңес дәуірінде Абайдың ойшылдығы зерттелмей, оны тек ақын ретінде қабылдап келдік. Шын мәнінде Абайдың ұлылығын әлі танымай жатырмыз. Оның ұлылығын танып, түсініп, түйсінген кезде ғана шет тілге дұрыс аударуға болады. Өзіміз дұрыс түсіне алмай, оны басқаға қалай түсіндіреміз?!
— Мен үшін Абай шығармасындағы ең қиыны – отыз сегізінші қара сөзі. Бұл адамды ең жоғары деңгейге бағыттайтын рухани шығарма. Оны тек рухани деңгейде түсінуге болады. Менің кітап жазғандағы мақсатым – Абай сөзін жүйеге келтіріп, «толық адамға» бағыттау болды. Яғни, ең төменгі деңгейден бастап адам қалай жетілуі керек дегенді жүйеледім.
— Абай шығармаларын адамзатқа арнаған. Абай адамның өзін «жарым адам», «адам», «толық адам» деп үш сатыға бөледі. Сол үш сатыдағы адамдар Абай мұрасынан өзіне керегін алады. Абайдың «толық адам» іліміне жақсы көңіл бөлініп жүргені қуантады. «Толық адам» ілімін түсінетін болсақ, адам дейгейлерін түсінеміз. «Жарым адам» мен «адамның», «адам» мен «толық адамның» аражігін ажыратамыз. Өзіміздің қай дейгейде тұрғанымызды біліп, алдымызда не күтіп тұрғанын түсініп, соған ұмтыламыз.
Абай отыз сегізінші қара сөзінде «толық адамның» негізгі белгілерін атаған. «Толық адам» иманы толық, тән құмарын жеңіп, тек қана жан құмары үшін өмір сүреді. Осылайша рухани жетілу арқылы «кәміл мұсылман», «хакім», «әулие» деңгейіне көтеріле алады. Абай «толық адамның» ең жоғары деңгейі «пайғамбар» деп көрсетеді. «Толық адам» жолы – сананың өсу жолы. Сананың эволюциялық өзгеруін, «толық адам» жолын түсіну үшін сананың не екенін білу керек. Адам екі болмыстан тұрады: рухани және материалдық. Материалдық болмыс тән және психикадан тұрады. Рухани болмыс жан және рухтан тұрады. Рух – жанның қуаты. Рух адам болмысын қалыптастырады, ал сана рухтың қасиеті, бір бөлігі. Жан кірлемей, рух таза болса, сана да жоғары деңгейде болады. Адам өмірін сана басқаратын болғандықтан, өмірдің түпкі мақсаты – жанды тазартып, сананы өсіру. Рухани жетілу дегеніміз осы. Бұл «толық адам» сатысына көтерілу жолы.
— Оған теолог ретінде көңілім толмайды. Себебі мен Абайға хәкім, ойшыл ретінде қараймын. Абайдың рухани дүниесін қабылдай білуіміз керек. Ал оның рухани деңгейін көрсету үшін түсіретін адам рухани биік болуы қажет. Ал олар қарапайым деңгейдегі адамдар, Абайдың деңгейін түсінбейді. Сондықтан Абайды қарапайым адам ретінде көрсетеді. Мысалы, «Абай» деген көркем фильм шықты. Олар Абайдың ішкі жан дүниесін көрсете алмаған, тек сыртқы болмысын көрсеткен. Кім болды, қалай өмір сүргенін ғана танытты. Данышпанның ішкі дүниесінің жетілу сыры, оның көтерілген рухани шыңы, эволюциялық даму жолы ашып көрсетілмеген. Шығарма Абай туралы болғандықтан, оған үлкен жауапкершілікпен қарау керек еді.