Бүгін қазақстандықтар Спорт күнін атап өтіп жатыр.Мәдениет және спорт министрлігі баспасөз қызметінің ақпаратынша, бүгінде әрбір үшінші қазақстандық немесе 7 млн 587 мың адам спортпен айналысады. Бұл жалпы халық санының 38,5%-ы. Оның ішінде 258 мыңнан астам бала мен жасөспірім 800-ден астам балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубында спортпен шұғылданады.Соңғы 3 жылда спортпен және дене шынықтырумен айналысатын ерекше қажеттіліктері бар адамдардың саны 25,3%-ға өсіп, 51 325 адамға жеткен. Ал, 584 мыңға жуық адам ұлттық спорт түрлерімен жүйелі түрде айналысады. Жалпы республика бойынша 43 мыңнан астам спорттық ғимарат болса, оның 23 мыңнан астамы – ауылдық жерде орналасқан.»Биыл 113 жаңа спорттық нысан салу, 20 спорттық нысанды реконструкциялау, жұмыс істеп тұрған 6 спорт объектісін жете жарақтандыру бойынша жұмыс басталды», — делінген хабарламада.Республикада жыл сайын 1,2 млн адамды, оның ішінде ауылдық жерлерде 500 мың адамды қамтитын, әртүрлі деңгейдегі 25 мыңнан аса спорттық-бұқаралық іс-шара тұрақты түрде өткізіледі. Әсіресе, соңғы жылдары жүгіру, марафондар, велошерулер мен веломарафондар, спорттық фестивальдар, отбасылық жарыстар, жаппай сырғанаулар танымал бола бастады, деп атап өтті министрлік.Елімізде Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген. Министрлік 2030 жылға қарай дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын қазақстандықтардың үлесін жалпы халық санының 50%-іне дейін жеткізуге ниетті. Ол үшін азаматтарымызды спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында қарқынды жұмыс жүреді, деп сендірді ведомстводағылар.
Нажмите, чтобы оценить эту статью!
[Итого: 0 Средняя: 0]