Кәсіпкерлер бос жер учаскесін таңдап, сауда-саттық немесе конкурс өткізу туралы бастама көтере алады, деп хабарлайды «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы.»Біздің бастамамызбен Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінде жер учаскесін сауда-саттыққа шығармаған немесе оны беруден бас тартқаннан кейін 90 күн мерзімін бұза отырып шығарған әкімдіктің лауазымды адамына айыппұл салуды көздейтін норма бекітілді. Бірінші заңбұзушылық жасалса 30 АЕК (103,5 мың теңге) айыппұл қарастырылған. Бір жыл ішінде екінші рет қайталанса, 60 АЕК (207 мың теңге) салынады. Қазір жаңа норма күшіне енді», — деді «Атамекен» ҰКП Құрылыс және жер қатынастары департаменті директорының орынбасары Ернұр Әбжан.Оның айтуынша, жер инспекторлары бұл талап орындалып жатыр ма, жоқ па, соны тексеріп жатыр.»Жауапкершілік белгіленген соң, 2018 жылдан бері «қолданылмаған» норма іске асатын болады. Кәсіпкерлер жария кадастр картадан бос учаскені таңдау арқылы сауда-саттық немесе конкурс өткізуге бастама көтере алады», — деп атап өтті Әбжан.Заңға сәйкес кәсіп және ауыл шаруашылығын жүргізуге арналған жер учаскелері сауда-саттық (аукциондар) және конкурстар (ауыл шаруашылығы жерлері бойынша) арқылы берілуге тиіс.Кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне жауап беретін жер учаскелерін таңдау құқығын қамтамасыз ету мақсатында Жер кодексіне түзетулер енгізілді. Бұл түзетулер жер алуға өтінімдер бойынша бас тартқан сәттен бастап 90 күн ішінде жерлерді сауда-саттық және конкурстарда беру қажеттілігі себебінен әкімдіктерді жер учаскелерін сауда-саттыққа шығаруға міндеттейді.Бірақ іс жүзінде бұл норма оны орындамағаны үшін жауапкершіліктің болмауына байланысты жұмыс істемеді. Ұлттық палата жүргізген анализге сүйенсек, тек Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында бір жыл ішінде кәсіпкерлердің 58 өтінімі бойынша әкімдіктер жер учаскелерін беруден бас тартқан. Бұл ретте олардың ешқайсысы Жер кодексінде белгіленген 90 күн мерзім ішінде сауда-саттық жүргізбеген.»Бұл жағдай сыйбайлас жемқорлық тәуекелдерін көбейтті, өйткені кәсіпкерлер әкімдік қызметкерлеріне нақты учаскені сауда-саттыққа немесе конкурсқа қоюға өтінішпен жүгінуге мәжбүр болды», — деп түсіндірді кәсіпкерлер палатасындағылар.
Нажмите, чтобы оценить эту статью!
[Итого: 0 Средняя: 0]